85 жаңа қызметтік көлік тапсырылып, үздіктер марапатталды

Түркістан облысында 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні және 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Екі сала мамандарына құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ветеринария саласы мамандарына жаңа, заманауи талаптарға сай жабдықталған 85 қызметтік көліктің кілтін табыстады. Бұл — салада көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен көмек болмақ.

Салтанатты жиында облыс басшысы еңбек майданында жүрген су және ветеринария мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала жетістіктерін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл – сіздердей еңбек адамдарының беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Бұл саладағы жетістіктер – сіздердің еселі еңбектеріңіздің нәтижесі, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, 46 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілгені атап өтілді. Бұл өз кезегінде ағын суды 2 есеге дейін үнемдеуге, өнімділікті 2,5–3 есеге арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге, облыстағы «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларының құрылысы, 269 канал мен 25 су қойманы жаңғырту жобалары іске асырылуда. Бұл жұмыстар су тапшылығының алдын алуға және су нысандарының тозуын 76%-дан 50%-ға дейін төмендетуге бағытталған.

Іс-шара барысында су шаруашылығы мен ветеринария саласының үздіктері түрлі мемлекеттік және салалық наградаларға ие болды. Олардың қатарында:
– ҚР Президентінің ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені,
– «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі,
– «Ауыл шаруашылығының үздігі» атағы,
– ҚР Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары министрліктерінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары бар.

Салтанатты жиын соңында қатысушыларға арналып мерекелік концерт ұйымдастырылды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *