ЭЫДҰ: Қазақстан – Орталық Азиядағы жауапты бизнестің флагманы

Қазақстан бизнесті жауапты жүргізу (БЖЖ) стандарттарын дамыту мен енгізуде Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекет ретінде танылды. Бұл мәртебелі баға Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) «Қазақстанда, Моңғолияда және Өзбекстанда тұрақты инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бизнесті жауапты жүргізу» атты есебінде көрсетілді. Аталған құжатта Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатына БЖЖ қағидаттарын жүйелі түрде енгізудегі нақты жетістіктері ерекше атап өтілген.

ЭЫДҰ сарапшылары еліміздің бизнесті жауапты жүргізу қағидаттарын ұлттық даму стратегияларымен тиімді ұштастыра алғанын нақты мысалдармен дәлелдеген. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, адам капиталына инвестиция салу және корпоративтік басқару сапасын арттыру бағыттарында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.

Мәселен, еңбек қауіпсіздігі бойынша 2019 жылдан бастап елімізде Vision Zero тұжырымдамасы енгізілді. Бұл бастама өндірістік жарақат пен өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Ал 2024 жылдан бастап еңбек жағдайын цифрлық карта арқылы қадағалау ісі басталды. Бұл – жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті бақылаудың жаңа деңгейі.

Экологиялық салада да ілгерілеу бар. Қазақстанда озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) пайдаланатын кәсіпорындар экологиялық салықтан босатылады. Сонымен қатар мемлекет өндірісті жаңғыртуға техникалық әрі қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Бұл ретте жасыл экономикаға көшу бағытында нақты қадамдар жасалған.

Жаңартылатын энергетика саласында Қазақстан инвесторларға тиімді жағдай ұсынуда. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобалар салықтық және кедендік жеңілдіктерге ие. Сонымен бірге мемлекет тарапынан инвестиция көлемінің 30 пайызына дейінгі гранттар қарастырылған. Бұл Қазақстанды ЖЭК нарығындағы тартымды елдердің біріне айналдырып отыр.

ЭЫДҰ есебінде Қазақстандағы орнықты даму саясатын ілгерілетуде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының рөлі ерекше аталып өткен. Қор ESG (экологиялық, әлеуметтік, басқарушылық) қағидаттарын белсенді түрде енгізіп, таза пайданың кемінде 7 пайызын әлеуметтік және қайырымдылық бағдарламаларға бағыттап келеді. Сондай-ақ, қор отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнесті ірі компаниялардың өндірістік тізбегіне тартуға басымдық беруде. Бұл тәжірибені ЭЫДҰ өзге мемлекеттік құрылымдарға да енгізуді ұсынады.

БЖЖ қағидаттарын іске асыруда Қазақстанда ұлттық деңгейде нақты механизмдер қалыптасты. Атап айтқанда, Ұлттық байланыс орталығы (NCP) құрылып, бизнес пен қоғам арасында ашық диалог жүргізу мүмкіндігі кеңейді. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы да адами капиталды дамытудағы маңызды шешім ретінде бағалануда. Сонымен қатар, «Тарифті инвестицияға айырбастау» секілді бағдарламалар арқылы инфрақұрылым мен энергетика салаларына жеке капитал тартылып отыр.

ЭЫДҰ есебінде Қазақстанның қол жеткізген табыстарымен қатар, алдағы кезеңге арналған бірқатар ұсыныстар да берілген. Атап айтқанда, экологиялық стандарттарды жетілдіру, шығарындыларға квота саудасы жүйесін енгізу, мемлекеттік сатып алуға тұрақты даму талаптарын енгізу, қоғамдық қатысуды кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту секілді міндеттер қойылып отыр. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» моделін бүкіл мемлекеттік секторға тарату ұсынылады. Бұл бизнес жүргізудің тиімді, ашық әрі орнықты тетіктерін бекітуге мүмкіндік бермек.

ЭЫДҰ-ның оң бағасы – бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде мойындалуы ғана емес, сонымен қатар еліміздің әділетті әрі жауапты экономикалық модельге көшкенінің нақты дәлелі. Ендігі міндет – осы бастамаларды жалғастырып, жауапты инвестициялық орта қалыптастыруды тереңдету. Бұл бағыт – ұлттық дамудың басты басымдығы болуға тиіс.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *