Өткен жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасанды интеллект саласындағы «AI-Sana» бағдарламасын енгізуді ұсынды. Одан кейін Үкімет бұл бағдарламаны жасанды интеллект мамандарын даярлауға және білім беру процесін цифрландыруға бағытталған инновациялық жоба ретінде іске қосты.

Бүгінде «AI-Sana» бағдарламасы еліміздің 30 жоғары оқу орнында пилоттық негізде қолданылып, білім беру сапасын арттыруға және әкімшілік жұмысты жеңілдетуге айтарлықтай ықпал етуде. Бағдарламаның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – AI-Қабылдау комиссиясы талапкерлерге мамандық таңдауда нақты әрі тиімді ұсыныстар беріп, шешім қабылдау уақытын 50%-ға қысқартты. Сонымен қатар, университет қызметкерлерінің жұмыс жүктемесі 70%-ға азайды.
ҰБТ және емтихандарды қадағалау үшін енгізілген AI-Proctoring жүйесі адам факторын азайтып, бұзушылықтарды 90%-ға төмендетті. Бұл технология бақылау сапасын арттырып, процессті 80%-ға оңтайландырды. Қазіргі кезде бұл шешімді 5 университет пайдаланып отыр.
Жазбаша жұмыстарды автоматты тексеру жүйесі – AI-Check тексеру уақытын 70%, ал шығындарды 65%-ға қысқартты. Оқытушыларға бейнедәріс дайындауға арналған AI-Lector бағдарламасы дайындық уақытын 10 сағаттан 2 сағатқа дейін төмендетіп, олардың белсенділігін екі есеге арттырды.
AI-Library цифрлық кітапханасы кітапханашылардың жүктемесін 70%, ал пайдаланушылардың кітап іздеуге кететін уақытын 50%-ға қысқартты. Бұл жүйе қазіргі таңда 8 университетте қолданылады.
Сонымен қатар, AI-Психолог қызметі студенттер мен оқытушыларға психологиялық қолдау көрсетіп, әкімшілік процестерді 65%-ға оңтайландыруға мүмкіндік берді.
Осылайша, «AI-Sana» бағдарламасы білім беру жүйесінің барлық саласында цифрландыруды жетілдіріп, оқытушылар мен әкімшілік қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, студенттердің оқу процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз етуде. Бұл жоба Қазақстанның білім саласындағы технологиялық дамуын жеделдетіп, жоғары оқу орындарындағы сапаны жаңа деңгейге көтеруде.