Қазақстанда жоғары білім беру саласы жаңа серпін алып, халықаралық деңгейге қарқынды түрде бет бұруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары елімізде шетелдік үздік университеттердің филиалдарын ашу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама Қазақстан жастарына отаннан шықпай-ақ әлемдік білім беру стандарттарына сай білім алу мүмкіндігін беріп отыр.

2021 жылдан бері еліміз 12 алдыңғы қатарлы елдің жоғары оқу орындарымен (оның ішінде Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея және т.б.) 33 стратегиялық әріптестік орнатты. Оның нәтижесінде Қазақстан аумағында 23 шетелдік университет филиалы жұмыс істей бастады. 2025 жылға дейін тағы 10 стратегиялық әріптестік жобасы қолға алынбақ.
Бұл үрдіс тек қазақстандық талапкерлер үшін ғана емес, шетелдік студенттер үшін де тартымды болып отыр. Мәселен, 2024 жылы алғаш рет Қазақстанда білім алып жатқан Азия елдерінен келген студенттердің саны ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып түсті. Қазіргі таңда елімізде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда.
Жоғары білім саласының жаһандық деңгейге шығуы тек студенттермен шектелмейді. Жыл сайын шетелдік 200-ге жуық танымал профессор мен зерттеуші Қазақстан университеттеріне тартылып, ғылыми әлеуеттің артуына жол ашуда. Бұл – Қазақстанды Орталық Азиядағы білім беру хабына айналдыру стратегиясының нақты жемісі.
Егер сіз шетелдік жоғары оқу орнының Қазақстандағы филиалына түсуді жоспарлап жүрсеңіз, бүгінде бұл бұрынғыдан да қолжетімді. Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер үшін бірдей мүмкіндік қарастырылған. Әр университеттің жеке қабылдау ережелері, талаптары мен мамандық тізімдері бар. Толық ақпаратты қабылдау комиссияларының ресми сайттарынан немесе ұсынылған QR-кодтар арқылы алуға болады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мақсатта шетелдік университет филиалдары туралы кешенді инфографика әзірледі. Онда әр оқу орнына қатысты маңызды деректер, білім беру бағдарламалары, байланыс ақпараттары және онлайн өтінім беру сілтемелері көрсетілген. Бұл – талапкерлер үшін нақты әрі пайдалы бағыт-бағдар болмақ.
Қазақстандағы шетелдік ЖОО филиалдары – бұл халықаралық білімге ашылған есік қана емес, еліміздегі адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралы. Жастарға шетелге шықпай-ақ сапалы білім алу мүмкіндігі ұсынылып отырған шақта, бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланудың маңызы зор.
Сурет Kursiv.Media сайтынан алынды.