Мемлекет басшысы Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысты.
Қазақстан цифрлық технологиялар мен жоғары өнімді есептеу жүйелерін дамыту жолында маңызды қадам жасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, заманауи есептеу қуатымен жабдықталған суперкомпьютерді ресми түрде іске қосу рәсіміне қатысты.
Жаңа жүйе әлемдік деңгейдегі инновациялық шешімдер негізінде құрылған. Ол NVIDIA H200 графикалық процессорларының базасында жасақталып, жоғары өнімділік, деректерді терең талдау және жасанды интеллектті дамыту салаларында кеңінен қолданылады.
Бұл суперкомпьютер Қазақстанның цифрлық индустриясын жаңа деңгейге шығарып, ғылым, білім және технология салаларында күрделі есептерді шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол деректерді өңдеуде жылдамдық пен дәлдікті арттыра отырып, ұлттық қауіпсіздік пен инновациялық даму үшін маңызды құралға айналады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің цифрлық егемендігін нығайту, технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа буын ІТ-мамандарды даярлау жолында мұндай бастамалардың айрықша маңызға ие екенін атап өтті.