Ауғанстанға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизимен кездесті.

Тараптар теміржол көлігі, ауыл шаруашылығы, цифрлық инфрақұрылым, пайдалы қазбаларды өндіру және өзара сауда мәселелері бойынша ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады.
ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Қазақстан тарабы химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жанар-жағармай өнімдері мен минералдық тыңайтқыштарды жеткізу көлемін арттыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында екі ел арасындағы тауар айналымын 3 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуды көздейтін «жол картасына» сәйкес өзара ұмтылыс расталды.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобаларға баса назар аударылып, қазақстандық компаниялардың Ауғанстан аумағындағы ірі жобаларға қатысуға мүдделі екені айтылды. Атап айтқанда, Пәкістан порттарына бағытталған жүк тасымалын қамтамасыз ететін «Тургунди–Герат» теміржолын салу мәселесі қарастырылуда. Осы орайда екі елдің бейінді ведомстволары арасында тиісті меморандумға қол қойылғаны құпталды.
Кездесу барысында Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бағытындағы тұрақты қолдауы да аталып өтті. Атап айтқанда, Қазақстан азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек жеткізуді жалғастырып келеді. Бұл елдегі тұрақтылық пен орнықтылықты қолдауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Кездесу соңында тараптар басым салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша мазмұнды диалогты жалғастыруға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде үйлесімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге уағдаласты.