Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Елтану» мәдени-ағарту жобасы аясында Түркістан облысында этнос жастарының қатысуымен «Созақтан – Түркістанға» атты арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция жайлы Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығының жетекшісі Сәбит Тастанбекұлы мәлімдеді.

«Бұл экспедицияға өңірдегі «Ассамблея жастарының» белсенді мүшелері, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ң басшылығы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Сапар аясында облысы аумағын екіге бөліп жатқан Қаратау тауын теріскейден күнгей бағытында жүріп өту көзделді. Экспедиция өз мақсатын жоғары деңгейде орындады деуге болады. Тарихи деректерге сәйкес, бұл жолды Кенесары хан әскерімен уақытты үнемдеу және қысқарту үшін пайдаланған. Экспедицияға қатысушы түрлі этнос жастарын тарихи маршрутты қайта жаңғыртуға, Қаратаудың флора мен фаунасын зерттеуге, фото-бейнетүсірілім жасап, қалың бұқараға жария етуге тікелей қатыстыру болды. Сонымен қатар, аталған маршрутты картаға түсіріп, алдағы уақытта келетін туристерге жол белгілеп беру»-деді «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығының жетекшісі Сәбит Тастанбекұлы.
Сондай-ақ баспасөз жиынында «Turkistan Media Holding» ЖШС-ң басқарушы директоры Тельман Бейсен сапар аясында алған әсерімен бөлісті.

«Экспедиция барысында қатысушылар ең бірінші Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қалашығымен танысты. Одан кейін Қарабура әулие кесенесі, Шайхы Ахмет мешіті тарихы туралы жергілікті ақсақалдардан мағлұмат алды. Күнгейге барар жолда саяхатшылар Хақназар хан, Мұхаммед Ханафия кесенелері, Балықшы, Бөгенбай, Құлметей әулиелерге, мың жылдық тұт ағашы өсіп тұрған және Тайқазан құйылған Қарнақ ауылына кіріп, соңында Түркістан қаласына жеттік. Ұзақтығы 110 шақырымға жуық жолды қатысушылар 2 күнде жүріп өтті. Этнос жастарының айтуынша, бұған дейін естіп-көрмеген тарихи-мәдени нысандарды тану арқылы қазақ халқының рухани және ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп, жаңа туристік маршрутты ашуға тікелей қатысу — туған жер тарихына деген қызығушылын арттыра түсті»-деді «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен.