Жаз – демалыс уақыты. Бұл мезгілде көптеген отбасылар балаларымен бірге саяхатқа шығады. Осы орайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы ата-аналарға шетелге шығуға қажетті құжаттарды, соның ішінде балаға шетелдік төлқұжатты рәсімдеудің маңыздылығын еске салды.

Филиал мамандарының айтуынша, баланың төлқұжатын туған сәтінен бастап рәсімдеуге болады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелге шығатын әрбір азаматтың, жасына қарамастан, жеке төлқұжаты болуы қажет.
Төлқұжат алу үшін ата-ана Шымкент қаласындағы кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі керек. Ол үшін өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі, ата-ананың біреуінің жеке куәлігі және 4 АЕК (15 728 теңге) көлеміндегі мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек болуы тиіс. Сондай-ақ, құжатты рәсімдеу барысында ата-аналардың біреуінің қатысуы міндетті. Қызмет көрсету мерзімі – 15 жұмыс күні.
«Балалар тез өсіп, сырт келбеттері жиі өзгеретіндіктен, шекара қызметкерлері кейде баланы фотосуреттен тани алмай жатады. Мұндай жағдайда, төлқұжаттың жарамдылық мерзімі аяқталмаса да, оны ауыстыру қажет. 12 жасқа дейінгі балаларға төлқұжат 5 жыл мерзімге, ал 12-ден 16 жасқа дейінгілерге – 10 жыл мерзімге беріледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүгедектігі бар азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар төлқұжатты тегін ала алады», – деді Шымкент қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаева.
Айта кетейік, Шымкент қаласының тұрғындары үшін шетелдік төлқұжатты жедел түрде рәсімдеу қызметі де қолжетімді. Өтініш берушінің қалауы бойынша, қосымша ақы төлеу арқылы құжат 1 немесе 3 жұмыс күні ішінде дайындалады.