Қазақстанның білім саласындағы жарқын жұлдыздарының бірі — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті Әсемай Шырынбек. Ол Малайзиядағы Xiamen University университетіне магистратура грантын жеңіп алып, өзінің дарындылығы мен табандылығын тағы да дәлелдеді.

Xiamen University Malaysia — Қытай үкіметінің қолдауымен ашылған Қытайдың элиталық университетінің бірінші шетелдік кампусы. Әсемай аталған оқу орнының Culture and Communication бағдарламасына қабылданды. Бұл бағдарлама мәдениетаралық байланыстар, заманауи коммуникация теориясы және медиа талдау салаларын қамтиды.
Грантқа іріктелуде Әсемайдың академиялық үлгерімі мен IELTS емтиханындағы жоғары көрсеткіштері шешуші рөл атқарды. Сонымен қатар, университет профессорларымен өткен сұхбаттасу арқылы өзінің коммуникативтік және кәсіби дайындығын көрсетті.
Әсемай бұған дейін IQanat олимпиадасының республикалық кезеңінің жеңімпазы атанған. Сонымен бірге, ол “TwinsTeach” атты онлайн ағылшын тілін үйрету курсын жасап, ауыл балаларына білім берумен айналысады. Бұл бастамасы оның әлеуметтік жауапкершілігін және білімді халыққа таратуға деген ынтасын көрсетеді.
Сонымен қатар, Әсемай физик ғалым Стивен Хокингтің «Ғалам туралы екі ауыз сөз» кітабын қазақ тіліне аударған аудармашылардың бірі. Оның аудармасы кітаптың ірі маркетплейстерде таралуына мүмкіндік беріп, қазақ оқырмандарына әлемдік ғылымды жақындастырды.
Әсемай Шырынбектің жетістіктері — Өзбекәлі Жәнібеков университетінің білім беру сапасының және жас таланттарды қолдаудың айқын дәлелі. Оның халықаралық деңгейде оқуына грант алу Қазақстан жастарын әлемдік білім кеңістігінде танытуға берілген тамаша мүмкіндік.
Бұл табыс университеттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін арттырады.