Халықаралық химия олимпиадасында (IChO-2025) қазақстандық оқушылар төрт медаль жеңіп алып, биылғы маусымды жарқын жетістіктен бастады. Оның ішінде екі алтын медаль бар.

5–14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен білім додасына 93 елден 360-тан астам оқушы қатысты. Қазақстан атынан қатысқан төрт жасөспірімнің барлығы жүлделі орынға ие болды.
Жеңімпаздар қатарында Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары Кирилл Ким мен Абылай Қабдулхадыр, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Еңлік Бақытбекова және Ақтөбе облысындағы Білім-инновация лицейінің 10 сынып оқушысы Аңсар Жақсылықов бар.
Команданың ғылыми жетекшілері – Корей ғылым және технологиялар институтының (KAIST) магистранты Санжар Бегдайр мен олимпиада жүлдегері Ринат Елеусізов. Олардың жетекшілігімен оқушылар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жоғары дайындықпен барды.
Білім министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың жеңісін қазақстандық білімнің биік деңгейін көрсететін жетістік деп бағалап, бұл табыстың жаңа белестерге жол ашатынын атап өтті.
Команда Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен дайындалған. Биыл қазақстандық химиктер еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100 пайыз нәтижеге қол жеткізді.
Айта кетейік, IChO – әлем бойынша мектеп оқушыларына арналған ең беделді жеті пәндік олимпиаданың бірі. Бұл жарыстағы жүлдегерлерге мемлекет тарапынан ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медальға 1500 АЕК, күміс медальға 1000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде марапат беріледі. Тәлімгерлер де ынталандыруға ие болады.
Өткен жылы да Қазақстан оқушылары IChO-2024 олимпиадасында екі алтын, бір күміс және бір қола медальмен оралған болатын.
«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», – деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.