Қазақстандық агроөнімдер Қытай халықаралық астық жәрмеңкесінде таныстырылды

Қытайдың Ляонин провинциясындағы Шэньян қаласында Қытай халықаралық астық сауда жәрмеңкесі (China Grain Trade Conference) өтті. Ауқымды іс-шараға 4 000-нан астам компания мен 20 000-нан астам астық саласының маманы қатысты.

Конференция барысында астық айналымының барлық кезеңдері – өндіру, сақтау, тасымалдау, өңдеу және тарату мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу мекемелері мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды біріктіріп, агротехнологияларды инновациялық тұрғыда қолдануға арналған бірыңғай платформа құру көзделді. Шара жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған астық нарығын интеграциялау және оны тиімді басқару механизмдерін қарастыруға арналды.

Қазақстан атынан жәрмеңкеге қатысқан «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» өкілдері келушілерге еліміздің бидай, арпа, бұршақ және майлы дақылдарының экспорттық әлеуетін таныстырды. Қытай нарығына отандық агроөнімдерді тікелей жеткізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Жәрмеңке аясында Қытай мен басқа да елдерден келген ғылыми және қаржы институттарының өкілдері бас қосып, салалық серіктестік мәселелерін талқылады. Арнайы көрме алаңдарында қытайлық импорттаушылармен, трейдерлермен және ҚХР-дың тиісті салалық қауымдастықтарымен іскерлік келіссөздер жүргізілді.

Шара агроазық-түлік индустриясындағы соңғы жаһандық үрдістерді де қамтыды. Ірі алаңдарда астық өңдеудегі инновациялық шешімдер, жаңа жинау техникасы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне арналған заманауи жабдықтар ұсынылды.

Бейжіңдегі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілдігі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығаруда маңызды дәнекер рөл атқарады. Өкілдік отандық агроэкспорттаушыларға сенімді өткізу арналары мен серіктестер табуға, сондай-ақ іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдеседі. Мұндай қолдау қазақстандық кәсіпорындардың Қытайда табысты орнығуына және Қазақстанның сапалы астық жеткізушісі ретіндегі тұрақты беделін қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін корпорация өкілдігінің көмегімен қазақстандық агроөнеркәсіптік кәсіпорындар Қытайға жем-шөп ұны мен күнбағыс майын экспорттаған болатын.

Қытай халықаралық астық сауда жәрмеңкесін Қытай халықаралық сауданы дамыту кеңесінің Астық комитеті мен Мемлекеттік азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасының Ұлттық астық сауда орталығы ұйымдастырды. Сондай-ақ іс-шараны Қытай ауыл шаруашылығындағы халықаралық алмасу қауымдастығы бірлесіп өткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *