Шардарадағы туристік нысандарда демалушыларға қолайлы жағдай жасалуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді дамыту және инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда.


Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Шардара» су қоймасы маңындағы туристік аймақтардың жұмыс барысын тексеріп, демалыс орындарындағы санитарлық тазалық пен қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейіне назар аударды.

Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеров жуырда өткен аппарат отырысында жазғы маусымда жағажайлардағы тәртіп пен қауіпсіздікке ерекше мән беруді тапсырған болатын. Аталған тапсырма аясында жауапты сала басшылары бірқатар туристік нысандарды аралап, қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылымның жағдайы және тазалық талаптарының орындалу барысын пысықтады.

Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша жағажай иелеріне және кәсіпкерлерге ескертулер жасалып, нақты тапсырмалар берілді.

Тазалық пен қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған нысандарға қатысты заң аясында шаралар қабылдануда.

Сонымен қатар, жағажайларда құтқарушылар санын арттыру, суға тым жақын орналасқан сәкілерді қауіпсіз қашықтыққа көшіру, автотұрақтарды ретке келтіру сынды жұмыстар қолға алынған.

Бұл бағыттағы мониторинг тұрақты түрде жалғасатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *