Елімізде ұстаздарды қолдау мақсатында «Үздік педагог» байқауы басталды, деп хабарлайды Bozyq.kz.

Елімізде ұстаздарды қолдау мақсатында «Үздік педагог» байқауы басталды. Жеңімпаздарға 1000 АЕК (3,9 млн теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған.
Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі.
Жарысқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады.
Конкурс үш кезеңнен тұрады:
1 кезең – аудандық, қалалық деңгей (8-25 шілде);
2 кезең – облыстық деңгей (28 шілде- 15 тамыз);
3 кезең – республикалық деңгей (18 тамыз – 18 қыркүйек).
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық деңгейге өтеді. Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталында жүзеге асырылады.
Министрлік атап өткендей, республикалық «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық білім саласының үздігі анықталды. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжат тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар ұстаздар үміткер бола алады. Олар — балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері.
Байқауға қатысу туралы қосымша ақпаратпен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің сайтынан танысуға болады.
Айта кету керек, 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласының білім беру саласы үздік дәстүрлерімен, сапалы нәтижелерімен және тұрақты дамуымен ерекшеленіп келеді. Осы кезең ішінде қала педагогикасының беделі артып, білім мен тәрбие беру ісіндегі жоғары жетістіктердің нәтижесінде 24 ұстаз «Үздік педагог» атағына ие болды. Бұл – республика көлемінде танылып, абырой биігінен көрінудің айқын дәлелі.
Бұл педагогтер – ұстаздық жолда кәсібилікті, жаңашылдықты және тынымсыз еңбекті ту еткен жандар. Олар білім беру саласындағы жаңартылған мазмұнды игеріп, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына зор үлес қосуда. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік педагог» байқауында Шымкент мұғалімдері өздерінің шеберліктерін, кәсіби даярлығын, шығармашылық әлеуетін және заманауи білім беру технологияларын меңгеру деңгейін жоғары деңгейде көрсетіп келеді.