Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өңірге келген түркиялық инвестормен іскерлік кездесу өткізді. Маңызды жүздесуде тараптар өндіріс саласындағы ынтымақтастықты арттыру, құрылатын кәсіпорынның мүмкіндіктері мен құрылыс жұмыстары жөнінде кеңінен пікір алмасты.

Кездесу барысында Талғат Қозбеков өңірдегі инвестициялық ахуалдың қолайлы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыста шетелдік инвесторларға дайын өндірістік алаңдар ұсынылуда. Сондай-ақ жаңа жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы жүзеге асырылып келеді.
— Облысымызда инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірлесе қолға алған жобамыздың құрылыс жұмыстарын жақын арада аяқтап, нәтижесін бірге көреміз деп сенемін, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Нұралхан Көшеров те халықаралық деңгейдегі компания өкілдерін қабылдап, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер шығаратын зауыт салу жобасы бойынша келіссөздер жүргізген болатын. Бұл жоба облыс экономикасына серпін беретін ірі бастамалардың бірі болмақ.
Жаңа зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағында салынбақ. Кәсіпорын 100-ден астам фармацевтикалық өнім шығаратын, өнімдері әлемнің 50-ден аса еліне экспортталатын халықаралық деңгейдегі түркиялық компанияның базасында құрылмақ.
Атап өтерлігі, 2025 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 9–10 млрд АҚШ доллары шамасында қалыптасып отыр. Бұл – екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың артып келе жатқанын және өзара инвестициялық серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.