Мұрат Нұртілеу Қытай сыртқы істер министрімен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты. Сапар барысында ол ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен екіжақты кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар қазақ-қытай арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары сөз болды.

Кездесуде қос ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейде дамып келе жатқаны атап өтілді. Ерекше назар Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының бұған дейінгі кездесулері барысында жасалған уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру мәселесіне және алдағы жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесіне аударылды.

— Ағымдағы жылы Астанада мемлекет басшыларының арасында өткен ашық әрі сенімді сипаттағы келіссөздердің нәтижесінде жаңа өршіл мақсаттар қойылып, екіжақты ынтымақтастықтың даму бағыты айқындалды. Ендігі ортақ міндетіміз – қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді біріктіру, — деді Мұрат Нұртілеу.

Сонымен қатар кездесуде сауда-экономикалық, энергетикалық, инвестициялық және көлік-транзиттік саладағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері де жан-жақты қарастырылды.

Келіссөз соңында екі елдің сыртқы істер министрлері өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» секілді халықаралық алаңдарда тығыз ынтымақтастық пен үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *