Қазақстан мен Қытай өндірісте күш біріктірді

Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік әріптестік жаңа кезеңге қадам басты. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясында екі ел арасында бірлесіп жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жоба – карбамид зауытының құрылысы жөнінде негіздемелік келісімге қол қойылды.

Аталған жоба – Қазақстанның газ-химия саласындағы ең ірі халықаралық бастамалардың бірі ретінде бағаланып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қытайдың CNPC корпорациясы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ және Ақтөбе облысының әкімдігі қатысады.

Карбамид – ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын, өнімділікті арттыруға ықпал ететін минералды тыңайтқыш. Қазақстан үшін мұндай өндірістің маңызы зор. Біріншіден, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жетекші салаларының бірі. Екіншіден, еліміздегі тыңайтқыш тұтыну көлемінің басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Үшіншіден, агросектор қарқынды дамып келе жатқан жағдайда, тыңайтқышқа деген ішкі қажеттілікті отандық өндіріс арқылы жабу – стратегиялық мақсаттардың бірі.

Зауыт Ақтөбе облысында, Жаңажол газ өңдеу зауытының (ЖГӨЗ) маңында бой көтереді. Бұл шешім жобаны шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жыл сайын 600 миллион текше метрге дейін тауарлық газ пайдаланылмақ. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 800 мың тонна карбамид өндіру. Жалпы инвестиция көлемі – 1,25 миллиард АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезеңінде 3 мыңға дейін, ал пайдалануға берілген соң 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Кәсіпорынның «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасуы оның инфрақұрылымдық әлеуетін тиімді пайдалануға және салықтық жеңілдіктер арқылы жобаның экономикалық тиімділігін арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар, экологиялық талаптарға сай жаңа технологияларды қолдану арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту көзделіп отыр.

Аталған зауыт – еліміздің газ-химия өнеркәсібін дамытумен қатар, ауыл шаруашылығын қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тыңайтқыш өндірісінде импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. Бұл бастама Қазақстан Президенті алға қойған экономиканы әртараптандыру және өңдеу секторын дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмаларға толық сәйкес келеді.

Сондай-ақ бұл жоба қазақ-қытай стратегиялық әріптестігінің нақты нәтижесі саналады. Бірлескен бастаманың сәтті жүзеге асуы – қос ел арасындағы сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашпақ.

Ақтөбеде салынатын карбамид зауыты – тек өндірістік кешен ғана емес, ол елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, экспорттық әлеуетіне және өңірлік экономиканың тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін ұлттық маңызы бар стратегиялық жоба болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *