Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – еліміздің барлық өңіріндегі балаларға тұратын жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау.

Шымкентте «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңаша білім алған оқушылардың қабілет-қарымы жақсарды. Таңдамалы пәндер арасында жүргізілген тестілеу қорытындысы бойынша балалардың білім деңгейі 61,5%-тен 65,2%-ке дейін өскен. Сала мамандарының пайымынша, аз уақытта айтарлықтай нәтижеге теориялық білімді тәжірибелік іліммен ұштастыру әсер еткен. Сонымен қатар оқушының қызығушылығына заманауи құралдар мен ІТ технология, робототехника сыныптары серпін берді.
«Өңірде «Келешек мектептері» жобасымен 11 нысан салынып, 12 мыңға жуық оқушы жаңартылған білім беру бағдарламасымен қамтылған. Биыл Таскен тұрғын алабында тағы 1200 орынға арналған жаңа мектеп қолданысқа беріледі. Бұл мектептерге конкурстық жүйеде оқушылар да, мұғалімдер де қабылданды. Бізде 805 мұғалім сабақ беруде. Мұғалімдеріміздің сапалық құрамы 35%-ті құрайды. Мемлекеттік стандарттағы берілген бағдарламаларды тереңінен түсінгеннен кейін білім сапасының бірден-бір көтерілуіне әсер етті»,-дейді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Ақжарқын Тұрсынова.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда 122 мектептің құрылысы аяқталып, соның нәтижесінде 200 мыңнан астам оқушы жаңа, заманауи білім беру ортасымен қамтылды.
Жоба аясында ауылдық инфрақұрылымға ерекше назар аударылуда: пайдалануға берілген мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Оқушылар санына байланысты мектептер 300 орыннан 2 500 орынға дейін есептеліп салынады – бұл жобалауда нақты қажеттіліктерді ескеру қағидатына негізделген.