Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Астанаға жұмыс сапарымен келген Жапонияның Хиросима префектурасының губернаторы Хидехико Юдзакимен кездесті ,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар жаһандық ядролық қарусыздану және таратпау режимінің ағымдағы күн тәртібі, оның ішінде Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың он бірінші шолу конференциясының Дайындық комитетінің екінші сессиясында табысты төрағалығы және 29 тамызда аталып өтетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың күніне орай іс-шаралар туралы пікір алмасты.
Губернатор «Жаһандық бейбітшілік үшін Хиросима» ұйымының қызметімен және халықаралық гуманитарлық бастамаларымен таныстырып, көпжақты алаңдарда бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға ниет білдірді. Сұхбаттастар ядролық қаруды қолданудан және сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерге ерекше назар аударды.
Қазақстанға алғашқы сапары аясында Хидехико Юдзаки екі аймақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретін Абай облысына, сондай-ақ бейбітшілікке, ядролық қарусыздануға және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бірлескен міндеттеменің белгісі ретінде бұрынғы Семей сынақ полигонына баруды жоспарлап отыр.