«Мен жұмысшы мамандықты таңдаймын» онлайн-байқауы басталды

Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 2025 жылғы 16 шілде мен 20 тамыз аралығында елімізде «Мен жұмысшы мамандықты таңдаймын» атты республикалық онлайн-байқау өтіп жатыр. Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы кәсіптерге деген оң көзқарасты қалыптастыру, техникалық және кәсіптік білімнің маңызын насихаттау және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт беру.

Республикалық онлайн-байқауға колледжге оқуға түсуді жоспарлап жүрген 9 және 11-сынып түлектері, сондай-ақ 1-курс студенттері қатыса алады. Сонымен бірге кәсіби бағдар беруде шешуші рөл атқаратын ата-аналар, ұстаздар мен тәлімгерлер де бұл бастамаға белсенді араласуы көзделген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттырып, еңбек нарығына сай білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Ол үшін қатысушы ұзақтығы 60 секундқа дейінгі қысқаша вертикалды бейнеролик түсіруі қажет. Бейнеролик қазақ немесе орыс тілінде түсірілуі мүмкін және онда қатысушы өз мамандығын не себепті таңдағанын, бұл шешімге не түрткі болғанын және алдағы кәсіби мақсаттарын айтып беруі тиіс. Роликте қатысушының аты-жөні, қаласы мен колледжі, таңдаған мамандығы көрсетілуі керек. Міндетті талап – бейнероликте 2025 жылғы Жұмысшы мамандықтар жылының логотипін қолдану. Видео әлеуметтік желілерде #МенЖұмысшыМамандығынТаңдаймын #ЖұмысшыМамандықтарЖылы2025 ресми хэштегтермен және ұйымдастырушылардың аккаунттарын: @godrp @oqu_agartu_ministrligi, Tik Tok: @mamanfest.kz белгілей отырып жарияланады.

Байқау аясында әртүрлі номинациялар мен естелік сыйлықтар қарастырылған. Ең үздік видеороликтер ведомствоның ресми ресурстарында кең аудиторияға ұсынылады.

Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Бүгінде қалада жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлайтын 40 колледж жұмыс істейді.

Бұл оқу орындары өндірістік-техникалық бағыттағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті мамандарды даярлап, жергілікті еңбек нарығын қажетті кадрлармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *