Жалпы білім беретін мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы енгізіледі

Шымкент қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы енгізілетін болды. Бағдарламаның мақсаты – оқушылардың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік сынды құндылықтарды қалыптастырып, оларды тұлғалық және азаматтық тұрғыда тәрбиелеу. Бұл бастама жас ұрпақтың парасатты, әділ және елжанды азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. 

Бағдарлама алғаш рет жекеменшік мектептер үшін де міндетті болып отыр. Бұл тәрбие процесін ел бойынша біріздендіріп, барлық оқушыларға тең тәрбие ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. Мектептің ішкі-сыртқы келбеті ұлттық құндылықтар мен мәдениетті насихаттайтын ортаға айналмақ.

Тәрбие жұмысы мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен бірлесіп атқарылады. Бағдарлама аясында ай сайынғы тақырыптар оқу және сыныптан тыс шаралармен сабақтастырылып, әділдік, еңбекқорлық, патриотизм секілді құндылықтар басты назарға алынады.

Мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар сияқты жаңа форматтар енгізіледі. Сонымен бірге оқушының мектептен тыс өмірлік тәжірибесіне де мән беріледі.

Бұған дейінгі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Smart Bala», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы» секілді жобалар іске асқан болатын. Сонымен қатар, буллинг пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары да жалғасын табады.

Шымкент қаласында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында мектептерді безендірудің бірыңғай дизайн-коды әзірленді. Биылғы оқу жылында 12 білім беру ұйымына енгізу жоспарланып отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *