Астана мен Рим арасындағы сенімді диалог жалғасып келеді

Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен сенімге негізделген стратегиялық әріптестік жаңа серпін алуда. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Италия Республикасының еліміздегі Елшісі Антонелло Де Риумен кездесті.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағына жан-жақты тоқталды. Әңгіме өзегіне айналған негізгі мәселелердің бірі — екіжақты қарым-қатынастарды тереңдету және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру болды.

Арман Исетов пен Антонелло Де Риу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қаңтардағы Римге сапары мен Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің 2025 жылғы мамырда Астанаға жасаған ресми сапарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл жоғары деңгейдегі кездесулер екі ел арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсті.

Тараптар алдағы сапарлар күнтізбесін талқылап, стратегиялық серіктестікті тереңдетуге, өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге дайын екендерін білдірді.

Италия — Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Бұл елмен арадағы сауда көлемі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы екіжақты сауда айналымы 2023 жылмен салыстырғанда 26%-ға өсіп, шамамен 20 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі — 18,7 млрд доллар, ал импорт — 1,3 млрд доллар.

Ал 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 7,3 млрд АҚШ долларын құрап, сауда байланыстарының тұрақты өсімін көрсетті (экспорт — 6,8 млрд, импорт — 486 млн доллар).

Сонымен қатар Италия — Қазақстан экономикасына елеулі инвестиция салған елдердің қатарында. Қазіргі таңда елге тартылған тікелей итальяндық инвестиция көлемі шамамен 7,6 млрд АҚШ долларына жетіп отыр. Қазақстанда итальян капиталының қатысуымен 250-ден астам компания табысты жұмыс істеуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *