Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі ретінде су ресурстары саласындағы мамандарды оқыту жобасы сәтті жалғасуда. Жақында қазақстандық су шаруашылығы мамандарының үшінші тобы – 31 маманнан құралған делегация Қытай Халық Республикасына екі апталық білім алу курсына аттанды.

Бұл – биыл жүзеге асырылып жатқан ірі оқыту бағдарламасының бір бөлігі. Бұған дейін Қытайда дәл осындай екі топ білім алған болатын. Жалпы алғанда, 2025 жылы Қытайда су саласының 121 қазақстандық маманы өз біліктілігін арттырады деп жоспарланған.
Оқыту бағдарламасы толығымен Қытай тарапының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінен бұл мақсатқа қаржы бөлінбеген. Бұл – көрші елмен тиімді әріптестіктің үлгісі және бюджеттік үнемдеудің нақты мысалы.
«Сәуір және мамыр айларында біз Қытайға 30 адамнан тұратын екі топ жібердік, олар оқуларын сәтті аяқтады. Ал үшінші топтың құрамында су саласының 31 маманы Қытайға су ресурстарын басқару және ағынды суларды тазарту тақырыбындағы курсқа аттанды. Бұл оқулар Президент Жолдауында айтылған, су саласына білікті мамандарды жүйелі түрде дайындау қажеттілігіне байланысты қолға алынған шаралардың бірі»,– деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытай тарапымен осы оқыту бағдарламасын одан әрі жалғастыру және кеңейту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Мұндай халықаралық ынтымақтастық – су саласын дамыту, заманауи технологияларды игеру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытындағы маңызды бастама.