Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңін ұйымдастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиын барысында комиссия мүшелері байқауға қатысуға өтінім берген отбасылардың құжаттарын қарап, таныстырылым бейнероликтерін талдады.

Үздік отбасыларды анықтауда олардың жеткен жетістіктері, отбасылық дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарды сақтау деңгейі, сондай-ақ мүшелерінің дарыны, салауатты өмір салты мен қоғамдық белсенділігі ескерілді.
Байқаудың басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және қазақстандық отбасының жағымды бейнесін қалыптастыру.
Биылғы қалалық кезеңге әр ауданнан 4 отбасынан, барлығы 20 отбасы қатысып отыр. Арасында көпбалалы отбасылар, ардагерлер, ерекше балалары бар жанұялар, шығармашыл және еңбек әулеттері бар.
Комиссия шешімі бойынша жеңімпаз отбасы республикалық кезеңге жолдама алады. Қалалық кезеңнің марапаттау рәсімі тамыз айында өтеді.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстанда 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.