Қазақстан мен Қытай волонтерлік салада ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Қытай арасында волонтерлік қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ресми кездесу өтті. Қытай Халық Республикасынан арнайы келген делегацияны Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің әлеуметтік жұмыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары Цай Лисинь бастап келді.

Кездесудің басты мақсаты – волонтерлік қызметтегі тәжірибе алмасу, халықаралық волонтерлер жылы аясында Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен бастамаларды талқылау және екіжақты серіктестікті нығайту.

Қазақстан тарапынан кездесуге мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысып, елімізде жүзеге асырылып жатқан волонтерлік жобалар туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол сондай-ақ Волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараларға тоқталып өтті.

Келіссөз барысында тараптар волонтерлік қызмет бағыты бойынша өзара ықпалдастықты арттыру жайын кеңінен талқылады. Әңгіме аясында бірқатар нақты бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, волонтерлік саласында екіжақты серіктестікті жүйелі түрде дамытуға, тәжірибе алмасуды жандандыруға және білім алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық берілетін болды.

Сонымен қатар, қос тарап қысқа және ұзақ мерзімді тағылымдамалар мен оқу сапарларын ұйымдастыру арқылы волонтерлердің біліктілігін арттыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай жастарының қатысуымен мәдени, ағартушылық және білім беру бағыттарында бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында гуманитарлық бастамаларды бірлесе жүзеге асыру. Бұл бағыттағы жұмыстар халықаралық волонтерлер жылы аясында жалғасатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *