Алты айда балабақша кезегі 44 пайызға қысқарды

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласында кезектілік айтарлықтай азайды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында балабақша кезегі 44 пайызға қысқарған.

сурет ашық дереккөзден алынды 

2023–2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды ашу жөніндегі кешенді жоспар аясында биылдың өзінде 13,2 мың орынды қамтитын 172 жаңа балабақша пайдалануға берілді. Нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылу көрсеткіші 93,1 пайызға жетті.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесін кеңейту құрылыс салу, қолданыстағы мекемелерді үлкейту, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын орталықтар ашу және мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте «ақша балаға беріледі» қағидатына негізделген ваучерлік қаржыландыру тетігі де тиімділігін көрсетуде.

Аталған тетік бүгінде еліміздің 19 қаласы мен 7 ауданында іске қосылып, 300 мыңға жуық баланың балабақшаға баруына мүмкіндік берді. Осы арқылы мектепке дейінгі ұйымдарға деген сұраныс біршама төмендеді.

Сонымен қатар балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналары үшін консультациялық пункттер желісі кеңейтілді. Жыл басынан бері олардың саны 4,2 мыңнан 5,5 мыңға дейін өсті.

Бұдан бөлек, 260 мемлекеттік балабақшада күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 11,8 мыңнан астам мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 71 мыңнан астам бала балабақша тәрбиешілерінің қамқорлығында тәрбиеленуде. Олардың 60 мыңнан астамына арнайы ваучерлер берілген. Бұл ваучерлер ата-аналарға балабақша қызметтерін алу мүмкіндігін кеңейтіп, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасауда.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *