Қытаймен агросауда қыза түсті: экспорт 35%-ға өсті

Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық бағыттағы әріптестік артып келеді. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшіс і Хань Чуньлиннің кездесуі барысында айтылды.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы сауда қарым-қатынасы оң динамика көрсетуде. 2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық өнімдердің тауар айналымы 10%-ға өсіп, 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Ал 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында бұл көрсеткіш 36%-ға ұлғайып, 736,9 млн долларға жеткен.

Атап айтқанда, осы жылдың алғашқы бес айында Қытайға экспорт көлемі 35%-ға өсіп, 513,4 млн долларды құрады. Экспорттың негізгі позицияларын мал азығы (өсім – 485%, көлемі – 1,2 млн тонна), өсімдік майлары (өсім – 26%, 173,3 мың тонна) және бидай құрап отыр.

Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрі ет өнімдерін экспорттауға қатысты хаттамаларды жаңарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, 2025 жылдың мамыр айында Қытайдың Бас кеден басқармасымен бірлесіп қызылша жомын өндіретін кәсіпорындарға инспекция жүргізу және еліміздің төрт облысын – Актөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын тексеру нәтижесінде Қытайға бидай мен арпа жеткізілетін өңірлердің географиясы кеңейтілді. Министр тамыз айында құс шаруашылығы кәсіпорындарын ҚХР талаптарына сәйкестік тұрғысынан тексеруді ұсынды.

Кездесуде инвестициялық бағыттағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 2,8 млрд АҚШ долларын құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің тереңдей түскенін көрсетеді.

ҚХР-ның Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин өзара аграрлық іс-қимыл деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, Қытай тарапының санитариялық және ветеринариялық бақылау, аграрлық инновациялар, инвестициялар мен сауда көлемін ұлғайту бағытында ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы жан-жақты және өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *