Қазақстан мен Венгрия арасындағы технологиялық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл жолы назар – ғарыш саласында.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев венгрлік 4iG Group технологиялық холдингінің делегациясымен кездесті. 4iG Group — Шығыс Еуропадағы ақпараттық-коммуникациялық, телекоммуникациялық және қорғанысқа арналған цифрлық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі.
Кездесу барысында тараптар бірқатар басым бағыттар бойынша екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, спутниктерді құрастыру, Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу, жерүсті инфрақұрылымды жетілдіру, салалық мамандар даярлау және инновациялық жобаларды бірлесіп іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Келіссөз нәтижесінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен 4iG Space and Defence Technologies Private Limited Company (4iG Group-тың еншілес құрылымы) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат шеңберінде бірлескен жұмыс тобын құру және спутниктік технологияларды дамыту, деректермен алмасу, инфрақұрылымдық жобалар мен кадр даярлау бағыттарында бірлескен іс-қимыл көзделген.
Сапар аясында венгр делегациясы Астана қаласындағы Ұлттық ғарыш орталығына барып, «Қазақстан Ғарыш Сапары» мен «Ghalam» ЖШС қызметімен танысты. Қонақтар ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін аралап, нақты өндірістік үдерістермен және ғарыштық әзірлемелермен танысты.
Сонымен қатар делегация Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығының ғылыми-зерттеу қызметімен, ғарыш саласындағы жобалармен таныстырылды.
Сапар соңында венгр тарабына 2025 жылғы 8–9 қыркүйекте Алматы қаласында өтетін халықаралық SPACE DAYS KAZAKHSTAN 2025 форумына ресми шақыру табысталды. Аталған ауқымды іс-шара әлемнің жетекші сарапшыларын, ғарыш агенттіктері мен технологиялық компанияларын біріктірмек.