Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия мүшелері байқауға қатысуға өтінім берген отбасылардың құжаттарын мұқият қарап, таныстырылым бейнероликтерін талдады. Бұл кезеңде үздік отбасыларды анықтау үшін олардың жеткен жетістіктері, отбасылық дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарды сақтау деңгейі жан-жақты бағаланды.

Сонымен қатар, комиссия отбасылардың мүшелерінің қабілеті мен дарынына, салауатты өмір салтын ұстануына, қоғамдық белсенділігі мен волонтерлік қызметтерге қатысуына ерекше мән берді. Бұл талаптар байқаудың басты мақсаты — отбасы институтын нығайту, адамгершілікті дамыту, жауапты некенің маңыздылығын дәріптеу және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Биылғы байқаудың қалалық кезеңіне әр ауданнан төрт отбасыдан, барлығы жиырма отбасы қатысуда. Олар арасында көпбалалы, ерекше балалары бар, ардагерлер мен шығармашыл, еңбекке белсенді араласатын әулеттер бар. Сонымен қатар, өнер, спорт, ғылым және қоғамдық қызмет салаларында жетістіктерге жеткен жанұялар ерекше көзге түсуде.
Комиссия мүшелері байқау шарттарына сәйкес барлық өтінімдерді мұқият қарап, әр отбасының ерекшеліктерін ескере отырып, үздіктерді таңдап шықты. Қалалық кезеңнің жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алады және олардың жетістіктері жоғары деңгейде бағаланады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі тамыз айында салтанатты түрде өтеді. Бұл шарада үздік деп танылған отбасыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталады.
Айта кету керек, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстанда 2013 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ол отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жас ұрпаққа ұлттық тәрбиені беруге және қоғамдағы отбасының орны мен маңызын арттыруға үлкен үлес қосуда.