Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2025-2026 оқу жылына техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі мамандарды даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мақсатында қала әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияның жұмыс органы ретінде қалалық білім басқармасы белгіленді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №568 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірдің экономикасына және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша қалыптастырылады.
Осыған орай, салалық басқармалар мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қысқамерзімді қажеттілігі ескеріліп, 2025-2026 оқу жылына 80 мамандық бойынша 16 369 орынға кадрларға сұраныс түсті. Бұл қажеттілікті және қала бюджетінің мүмкіндіктерін ескере отырып, комиссия 2024 жылғы 12 маусымда 70 мамандық бойынша 8 000 орын көлемінде мемлекеттік тапсырысты бекітті.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында колледждер арасында конкурс жарияланды. Жалпы 29 білім беру ұйымынан 11 814 орынға сұраныс түсті. Дегенмен, комиссияның 23 маусымдағы отырысында үш колледждің (Шымкент мамандандырылған колледжі, «Қазақстан» жоғары медицина колледжі, Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі) уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес еместігі анықталып, олар конкурстың келесі кезеңіне өткізілмеді.
Осылайша, ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығымен бекітілген орналастыру қағидалары және комиссияның бағалау нәтижелері негізінде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 26 колледж бекітілді. Бұл колледждерде тапсырыс берілетін мамандықтар, біліктілік деңгейлері, оқыту формасы мен тілі, сондай-ақ орын саны нақты белгіленді. Тиісті хабарлама білім басқармасының ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарияланды.
Жаңа оқу жылына бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысының 29,2%-ы (2 343 орын) білікті жұмысшы кадрларды даярлауға, 60,5%-ы (4 841 орын) орта буын мамандарын даярлауға және 3,4%-ы (276 орын) қолданбалы бакалавриат біліктілігі бойынша бөлінді.
Талапкерлер 25 маусымнан бастап техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына немесе «Электрондық үкіметтің» www.egov.kz порталы арқылы құжаттарын тапсыра алады.