Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентін туған күнімен құттықтап, бауырлас өзбек халқының игілігі жолында атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі, – деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің беделді көшбасшылығының арқасында Өзбекстан дамудың даңғыл жолына түсіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.
Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы сенімге, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген стратегиялық әрі одақтастық қатынастардың қалыптасқанына назар аударылды. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ ғылым мен білім салаларындағы серіктестік күн санап нығайып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы көбіне Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ықпалдастыққа тікелей байланысты. Осыған орай, тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілету үшін нақты шаралар қабылдап жатыр.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік кооперацияның өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, екіжақты форматта және халықаралық іс-шаралар аясында жоспарланған жоғары деңгейдегі кездесулер кестесін қарастырды», – делінген хабарламада.