Қазақстан мен Қытай «Ақылды кеден» жобасын іске қосты

Бақты – Покиту шекаралық өткізу бекеттерінде жүк тасымалы жаңа деңгейге көтеріледі,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық аясында «Бақты (ҚР) – Покиту (ҚХР)» шекаралық өткізу пункттерінде «Ақылды кеден» атты қанатқақты жоба іске қосылды. Бұл бастама кедендік рәсімдерді жеделдетіп, логистиканы толық цифрландыруды көздейді.

Жоба шеңберінде жүктер шекарадан автономды, яғни жүргізушісіз көліктер арқылы тасымалданатын болады. Сондай-ақ бірыңғай электронды декларация енгізіліп, барлық кедендік құжаттар мен жүктерді рәсімдеу процестері толықтай цифрлы форматта жүргізіледі.

Аталған бастама ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев пен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Тачэн қаласының партия хатшысы Чжи Сяньвэй арасындағы кездесуде мақұлданған болатын. Кездесу нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, кедендік және логистикалық процестерді автоматтандыру бағытындағы бірлескен жұмыстарды үйлестіруге уағдаласты.

Жаңа жоба шекарадағы жүк тасымалын жеңілдетіп, логистикалық жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Күтіліп отырған нәтижелердің қатарында жүк тасымалы көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар кедендік рәсімдеу уақыты айтарлықтай қысқарып, көлік шығындары едәуір төмендейді.

Логистикалық процестер ашық әрі қауіпсіз болмақ. Автомобиль жолдарына түсетін жүктеме азайып, заманауи логистикалық хабтар дамытылады. Бұған қоса, астық, майлы дақылдар, ет және өңделген өнімдер сияқты ауыл шаруашылығы тауарларының экспортына жаңа серпін беріледі.

Жоба шекара инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға серпін береді. Сонымен қатар Қытаймен арадағы сауда көлемін арттырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік туғызады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *