Қазақстан БҰҰ-да орнықты даму бойынша үшінші ұлттық шолуын таныстырды

Қазақстанның орнықты дамуға бейілділігі тағы бір халықаралық деңгейде мойындалды. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қолдауымен өткен Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форум аясында еліміздің үшінші Ерікті ұлттық шолуы таныстырылды. Құжатты Қазақстан делегациясының басшысы, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев ұсынды.

Шолу сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Онда аналитикалық толықтық, дайындықтың ашықтығы мен инклюзивтілігі, сондай-ақ Қазақстанның барлық мүдделі тараптардың қатысуымен орнықты даму саясатын құруға деген ұмтылысы ерекше атап өтілді.

Бұл құжат – еліміздің 2030 Күн тәртібін іске асыру жолындағы үшінші баяндамасы. Шолудың басты ерекшелігі – жаһандық мақсаттарды өңірлік деңгейде жүзеге асыруға, яғни ОДМ-ды жергіліктендіруге басымдық берілуі. Құжатты дайындауға азаматтық қоғам, парламент, бизнес, ғылым, жастар және сарапшылар белсенді түрде қатысқан.

Биылғы шолуда ерекше бөлім – «ОДМ буыны» – жастардың орнықты даму саласындағы көзқарасы мен бастамаларын қамтиды. Бұл бөлім үкіметтік емес ұйымдармен және жастар белсенділерімен бірлесе дайындалған.

Шолу орнықты дамудың барлық 17 мақсатын қамтиды, оның ішінде сегіз бағытқа ерекше назар аударылған. Бес басымдық БҰҰ ұсынымы негізінде, ал үшеуі қоғамдық сауалнама нәтижелері бойынша айқындалды.

Қазақстан соңғы жылдары ОДМ-ны институционалдық деңгейде бекіту бойынша ауқымды жұмыс атқарды. 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары мен 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясы осы мақсаттармен үндестірілген. Жаңа заңнамалық бастамалар мен ОДМ мониторингі жөніндегі парламенттік комиссияның құрылуы – соның айғағы.

Қазақстанның үшінші Ерікті ұлттық шолуы – еліміздің ұлттық әрі жаһандық мақсаттарға жүйелі, инклюзивті және серіктестікке негізделген тәсілмен қол жеткізуге ұмтылып отырғанын айқын көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *