Шетелдік инвесторлар Қазақстан ауыл шаруашылығына бет бұрды

Түркиялық  Safi Holding 200 миллион доллар көлемінде инвестиция салуға ниетті,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықпақ. Түркияның жетекші өнеркәсіптік компанияларының бірі – Safi Holding елімізде қант зауытын салуға ниетті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен холдингтің бас атқарушы директоры Сафи Атакан арасындағы ресми кездесуде белгілі болды.

Келіссөз барысында тараптар Қазақстанда заманауи, жоғары технологиялық қант зауытын салу жобасын талқылады. Safi Holding ұсынған жобаның қуаттылығы – жылына 140 мың тонна қант өндіру, ал қызылша өңдеу көлемі – 1 миллион тоннаға дейін жетпек. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 150–200 миллион АҚШ долларын құрайды.

Инвесторлар қазіргі таңда зауытты орналастыруға қолайлы өңірлерді қарастыру үстінде. Бұл ретте басты назар қант қызылшасын өсіруге жарамды жердің болуы және инфрақұрылымның даму деңгейіне аударылуда. Өйткені өндірістің тиімділігі – шикізат пен логистиканың қолжетімділігіне тікелей байланысты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаның ел экономикасы мен агросаласы үшін маңыздылығын ескере отырып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.

– Аталған жобаны іске асыруда барлық мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Біз зауыттың табысты құрылуы үшін қажетті жағдай жасауды қамтамасыз етуге дайынбыз, – деді министр Айдарбек Сапаров.

Министр атап өткендей, бұл бастама тек өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, жұмыс орындарын ашуға, өңірлік дамуға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Айта кетейік, Қазақстан қанттың негізгі бөлігін шетелден әкеледі, сондықтан осындай инвестициялық жобалар ішкі нарық үшін де, азық-түлік қауіпсіздігі үшін де маңызды.

Кездесу барысында Safi Holding компаниясының басшысы Сафи Атакан Қазақстан үкіметінің ашықтығына және көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.

– Қазақстан агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары ел. Біз қант саласындағы стратегиялық серіктестік орнатып, жергілікті өндірісті дамытуға ұзақмерзімді үлес қосуды көздеп отырмыз, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, жобаның жүзеге асуы Қазақстандағы қант саласының қайта жандануына, өңірлік ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуына, әрі экспорттық әлеуеттің артуына жол ашады. Сонымен қатар зауыт айналасында қант қызылшасын өсіретін фермерлік құрылымдар мен сервистік қызметтер де жандана түспек.

Қазіргі таңда жұмысшы топтар өңірлермен келіссөздер жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу кезеңіне жақындап қалды. Егер барлық жоспарлар сәтті жүзеге асса, Қазақстанда жақын жылдары өндірісі мен өңдеу қуаты жоғары жаңа зауыт іске қосылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *