Адам саудасы — адам құқықтарына тікелей қауіп төндіретін аса ауыр қылмыс түрі. Қазіргі таңда бұл мәселе жаһандық деңгейде өзектілігін жоймай отыр. Қазақстан да бұл қауіптен тыс емес. Осыған байланысты Шымкент қаласында адам саудасының алдын алуға бағытталған ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде.

Шымкент қаласында адам саудасына қарсы кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде Шымкент қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қала әкімдігімен бірлесе отырып, адам саудасының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізуде.
Аталған бастаманың аясында үкіметтік емес ұйымдар дайындаған ақпараттық материалдар қаладағы әуежай, теміржол вокзалы, автобекеттер мен халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға орналастырылды. Мұндағы мақсат — тұрғындардың адам саудасының қауіптері туралы хабардарлығын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу.
Полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері азаматтарға ақпараттық парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Арнайы дайындалған жадынамада адам саудасының құрбаны болмаудың жолдары мен сенім телефондары көрсетілген.
Мамандардың айтуынша, адам саудасының құрбаны болу қаупі тек әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз немесе құқықтық сауатсыз азаматтарға ғана тән емес. Білімді, табысты, тұрақты жұмыс орны бар адамдар да түрлі алдау тәсілдерінің құрбанына айналуы мүмкін. Бұл қылмыс түрі көбінесе жалған уәде беру, шетелде немесе басқа қалада жақсы жұмыс ұсыну, құжат рәсімдеуді сылтау ету, тіпті туыстық не достық байланыстар арқылы сенімге кіру жолымен жүзеге асады.
Сондықтан мұндай қылмыстардың алдын алуда бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың белсенділігі мен сергектігі аса маңызды. Адам саудасына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Әсіресе жастар арасында ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, интернет алаяқтығы мен шетелге заңсыз жұмысқа орналасу кезіндегі қауіптер туралы түсіндіру қажет.