Биыл Шымкент қаласында 417,6 шақырым жол жөнделеді. Оған бюджеттен 25,6 млрд. теңге бағытталған. // Дегенмен Шымкент қаласында «екі жеп биге шыққысы келген» мердігерлер азаймай тұр. Мәселен, 2019 жылдың 3 айында «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалы рейд жұмыстарын жүргізіп, 816 олқылық анықтапты. Қайталап айтайын, 816. Ал, 2020 жылғы мәлімет мынадай…
Мұхтар Дүйсембеков — «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының директоры
—2020 жылдың 25 сәуірінде атқарылған жұмыс бойынша біздің филиал 60 рет жолға шығып, 43 нысан тексеріліп, 277 ақаулар табылды. Егер де құрылыс маусымның енді басталып жатқанын ескерсек, әрине бұл өте көп көрсеткіш. Бірақ, былтырғымен салыстырған болсақ көрсеткіштеріміз дұрыс жағына көтерілгенін көреміз. Көп жағдайда ақаулар суағар дейміз, солар сәйкес келмей жатады. Сонымен қатар асфальт салған кезде котоктарды дұрыс пайдаланбайды. Асфальт келген кезде температурасы қадағаланбай жатады. Асфальт төселетін кезде 120 градустан төмен болмауы керек.
«Биыл «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалы бақылау шараларын тағы күшейте түспек ниетте. «Құны 100 млн. теңгені құрайтын 80-ге жуық жабдық сатып алып отырмыз. Алғашқы жабдықтар келе бастады. Алдағы жоспар біздің филиалды заманауи құрал- жабдықтармен қамтамасыз ету. Біздің мамандар жорағы талапқа сай болуы керек. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз-дейді «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Манасұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы жолдардың 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі.
Bozyq.kz