«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2025–2026 оқу жылына арналған «Қазақстан халқына» ҚҚ Білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында 500 талапкерге жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік беретін грант бөлді.

Сурет ашық дереккөзден алынды.
Бағдарлама әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Атап айтқанда, грант алу мүмкіндігіне ие болатын талапкерлер келесі санаттарға жатады:
ауылдық, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар;
жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
мүмкіндігі шектеулі жандар;
мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары;
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары;
аталған оқиғалар кезінде жарақат алған балалар.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жасы 29-дан аспауы тиіс.
Гранттар бір реттік және атаулы түрде ұсынылады. Алайда бұл гранттар екінші жоғары білім алғысы келетін азаматтарға, сонымен қатар мемлекеттік грант арқылы оқып жатқан студенттер мен онлайн-оқуға ниет білдіргендерге берілмейді.
Грантты тағайындау тәртібі қандай?
Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) шекті балл жинаған және шығармашылық емтихандарды сәтті тапсырған талапкерлер ЖОО-лар жанындағы конкурстық комиссия шешімімен анықталады. Нәтижелер арнайы хаттама түрінде рәсімделеді.
Толық ақпарат, оның ішінде қай жоғары оқу орындары қамтылғаны, гранттардың саны мен бөліну тәртібі туралы мәліметтер «Қазақстан халқына» қорының qazaqstanhalqyna.kz ресми сайтында қолжетімді.