ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге арналған білім беру курстарын құру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа министр Саясат Нұрбек пен «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев қол қойды. Тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында қысқа мерзімді оқыту курстарын өткізу және кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру жөнінде уағдаласты.
Курстар нарықтың нақты сұранысына бейімделіп, заманауи басқарушылық дағдыларды дамытуға, іскерлік және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталады.
Министр Саясат Нұрбек білім сапасын арттыру бағытындағы реформаларға тоқталып, жоғары оқу орындары базасында білім беру бағдарламаларын іске асыруды қолдауға дайын екенін білдірді.
Фархат Сәрсекеев өз кезегінде өңірлердегі бизнесті қолдауда білім беру құралдарының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, университеттермен ынтымақтастық — кәсіпкерлікті дамытудың стратегиялық бағыты.
Бүгінгі таңда өңірлік жоғары оқу орындарының базасында құзырет орталықтары жұмыс істейді. Министрлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында құзырет орталықтарын құру тәртібін әзірледі және бекітті.
Құзырет орталықтары ұлттық біліктілік жүйесін ұйымдастырушылық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу және енгізу, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша мамандарды қайта даярлау, кәсіптік біліктілік саласындағы кәсіпорындармен және кәсіптік қауымдастықтармен ынтымақтастық сияқты қызметтермен қамтамасыз етеді.