Жаңа оқу жылы жақындап келеді. Осыған орай елімізде 2025–2026 оқу жылына дайындық жұмыстары басталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жыл сайын жүзеге асырылатын «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға қолдау көрсетіледі. Биыл бұл бағдарлама аясында 500 мыңнан астам мектеп оқушысы қамтылады деп жоспарланып отыр.

Аталған қор шеңберінде көмек алдымен жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан оқушыларға бағытталады. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды.
Көмек көрсету форматы да заман талабына сай жетілдірілген. Енді ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына қаржы тікелей аударылады. Бұл әдіс ата-аналарға мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын өз қалауы бойынша, баласының нақты қажеттіліктеріне сай таңдауға мүмкіндік береді.
2025 жылы бір балаға бөлінетін ең төменгі сома көлемі – 46 228 теңге. Бұл сома әр аймақтың баға деңгейіне сәйкес көтерілуі де мүмкін.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, бүгінгі таңда бұл қолдау тетігі еліміздің барлық өңірлерінде ашық әрі тиімді түрде жүзеге асырылуда.
– Министрлік әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсету үшін ашық әрі ыңғайлы жүйе қалыптастырды. Бұл жүйе ата-аналардың уақытын үнемдеуге, қаржыны мақсатты әрі тиімді пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына да оң ықпал етіп отыр, – деді комитет төрайымы.
Шымкентте 56 мыңнан астам балаға мектеп формасын алу үшін бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді. Оқу жылы қарсаңында атаулы көмек алушылар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан әр бала үшін 46 500 теңгеден үлестіріледі. Сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен төтенше жағдайға тап болғандар да бір реттік қаржылай көмекке ие болады.
Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы мәлімдеді. Қазір оқу орындары ұсынған ұл-қыздың әлеуметтік статусына зерделеу жүргізіліп жатыр. Биыл Үкімет қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жеке меншік ұйымдағы оқушылар да қатыстырылады.