Қазақстанда білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан кешіріп жатыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Білім берудегі 1000 көшбасшы» стратегиялық жобасы – соның жарқын дәлелі. Бұл бастама – отандық білім саласына заманауи ойлайтын, шешім қабылдауға қабілетті, кәсіби және көшбасшылық қасиеттерге ие жаңа буын мектеп директорларын даярлауға бағытталған.

Жоба халықаралық тәжірибеге сүйенеді. Әлемнің көптеген елдерінде мектеп директорлары лауазымына тағайындалмас бұрын міндетті түрде арнайы оқудан өтеді. Қазақстан да осы үрдісті енгізіп отыр. Жобаға қатысушылар арнайы оқудан өтіп, үздік білім беру ұйымдарында тағылымдамадан өтеді және кәсіби тәлімгерлік қолдауға ие болады. Бұл — мектептерді жаңаша форматта басқаратын заманауи менеджерлерді қалыптастырудың негізі.
Бүгінгі таңда республикалық кадрлық резервке 583 педагог енгізіліп, олардың 397-сі конкурстан тыс негізде басшылық қызметке тағайындалды. 2024 жылдың өзінде ғана 36 резервист жаңа үлгідегі «Келешек мектептері» аясында бой көтерген мектептердің директорлары болып тағайындалды.
2023 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба Президенттік жастар кадрлық резерві тәжірибесіне негізделген. Қатысушыларды іріктеу бес кезеңнен тұрады: тестілеу, оқыту, тағылымдама, қорытынды бағалау және сұхбат. 2024 жылы жобаға 2 500-ден астам үміткер өтініш білдірсе, соның ішінен 433 кандидат кәсіби даярлық курсына жолдама алды.
Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы оң нәтижесін беруде. Жаңа үлгідегі білім беру жүйесі оқушылардың қабілет-қарымын арттырып, оқу жетістіктеріне нақты серпін берді.
Жуырда таңдамалы пәндер бойынша жүргізілген тестілеу нәтижесінде балалардың білім деңгейі 61,5%-тен 65,2%-ке дейін өскені белгілі болды. Сала мамандары бұл жетістікті теория мен тәжірибені тиімді ұштастыру, сондай-ақ оқу процесіне заманауи технологияларды енгізумен байланыстырып отыр.
Айта кету керек, «Келешек мектептері» аясында білім беру кеңістігі тек парталар мен тақтамен шектелмейді. IT технологиялар, робототехника кабинеттері, интерактивті құралдар мен шығармашылық бағыттағы арнайы сыныптар — оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың белсенділігін күшейткен.
Бүгінде Шымкентте осы жоба аясында 11 білім нысаны салынып, 12 мыңға жуық оқушы жаңартылған білім беру бағдарламасымен қамтылған. Бұл — өңірдегі білім беру инфрақұрылымының жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.