Қазақстан ғылымының жаңа толқыны – жас зерттеушілерге артылатын үміт зор. Бұл бағыттағы қолдаулар мен тың бастамалар күн тәртібінен түскен емес. Осыған орай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов 2024 жылғы сәуір айынан бері жұмысын жалғастырып келе жатқан Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесу өткізді.

Кездесу барысында Кеңестің жаңа төрағасы ресми таныстырылып, алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс бағыттары айқындалды. Жиынның басты мақсаты – ғылымға құлшынысы бар жастардың үнін естіп, олармен ашық диалог құру.
Кеңестің 2025 жылға арналған басым бағыттары да белгіленді. Жиын барысында Ғылым комитетінің төрағасы жас ғалымдардың ғылымды ілгерілетудегі маңызын ерекше атап өтті:
«Сіздер – ғылымның болашағы ғана емес, оның бүгініне серпін беруші күшсіздер. Бойларыңызда қуат, тың көзқарас, батыл идеялар мен нақты нәтижеге ұмтылыс бар. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Армандарыңызды іске асыру үшін қажетті жағдайды жасау – біздің ортақ мақсатымыз», – деді Ғалымжан Жанқуатов.

Жас ғалымдар кеңесі тек бастамаларды ұсыну емес, сонымен бірге оларды іске асыруға арналған тиімді алаңға айналуы тиіс. Сонымен қатар, кеңес ғылыми жастар мен мемлекеттік институттар арасындағы маңызды көпір қызметін атқарады.
Ғылым комитеті өз кезегінде ашық диалог пен сындарлы ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізіп, жас ғалымдарды ғылыми ортаға қатысты шешімдерді бірге қабылдауға шақырды.
Қорытындылай келгенде, еліміздің ғылымын дамытуда жас ғалымдарға артылар жауапкершілік үлкен. Мемлекет олардың жан-жақты өсіп-жетілуіне жағдай жасап отыр. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, отандық ғылымның дамуына нақты үлес қосу.