Шымкентте ескі үйлер сүріліп, жаңа өмір басталып жатыр

Шымкент қаласында Көксай шағынауданын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бұл — тек үйлердің жаңаруы ғана емес, тұтас бір қауымның өмір сапасының артуына бағытталған нақты қадам.

Жаңғырту тұжырымдамасы аясында осы күнге дейін 66 отбасы ескі, тозығы жеткен баспанадан көшіп, жаңа, заманауи пәтерлерге ие болды. Бөлме саны бұрынғысымен бірдей, ішкі әрлеуі жасалған, қоныс тойға лайық пәтерлер — тұрғындар үшін үлкен қуаныш.

Бүгін, Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Көксай шағынауданындағы Нұрлыбаев көшесі, 3-үйде тұратын тағы 8 отбасыға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады. Тұрғындарды қуанышымен құттықтап, аталған бағдарламаның мегаполисті дамытуда, халықтың өмір сапасын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.

 «Бұл бағдарлама — қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты іс. Әр отбасының жаңа қонысы — олардың болашаққа сенімі мен жарқын өмірге жасаған қадамы», — деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков. .

Жобада тек тұрғын үйлермен шектелмей, әлеуметтік маңызы бар нысандарды кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Сонымен қатар шағынауданды кешенді түрде абаттандыру, яғни жолдар, жарық, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту да көзделген.

Көксай — ескі мен жаңаның тоғысқан тұсы емес, жаңа өмірге бет алған тұрғындардың үмітке толы мекеніне айналды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *