Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Игі бастама — елімізде экологиялық мәдениетті нығайтуға, азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

Кезекті сенбілік іс-шарасы Еңбекші ауданында ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарына қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы мен «Группа ИНТЕКО» мекемесінің мамандары тартылды.
Атап айтқанда, Қаратөбе елді мекені, Жібек жолы және Бердіқожа батыр көшелерінде арнайы техника мен жұмысшылар күшімен ауқымды санитарлық тазалық жүргізілді. Көшелердің бойындағы арам шөптер орылып, ағаштардың қураған бұталары кесілді. Жаяу жүргіншілер жолдары сыпырылып, аялдамалар мен жол жабындылары жуылып, санитарлық талаптарға сай келтірілді. Жиналған тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс арнайы техникамен шығарылды.
Тазалық шарасына мекеме қызметкерлерімен қатар жергілікті тұрғындар да белсенді түрде атсалысып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған бастамаға қолдау білдірді. Бұл — қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырып, табиғатқа деген оң көзқарасты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Айта кету керек, Еңбекші ауданында мұндай санитарлық-тазалық шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл тек қаланың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
«Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасады. Шымкенттің барлық аудандарында кезең-кезеңімен санитарлық жұмыстар жүргізіліп, қала экологиясын жақсартуға арналған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады.