Шымкенттегі білім беру нысандары жаңа оқу жылына дайын

Бүгін  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қаржы департаментінің директоры Гаухар Шақаева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова,  балалар құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен Айжан Наимбекова, «Өрлеу» БАҰО АҚ Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының директоры Меруерт Медетбекова және  Шымкент қаласының білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ләззат Битемір  бірқатар білім беру мекемелерін аралады.

Сапар барысында  «Кешелек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан бой көтерген №151 мектебіне болды. Заманауи білім ордасы 1500 оқушыға арналған. Жаңа оқу жылы қарсаңында есігін айқара ашпақ.

Мұнан соң делегация күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №108 және №109 мектептерге барды. Бұл білім ошақтары реновация бағдарламасы аясында жаңартылуда. Бүгінде жөндеу жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Екі мектеп те жаңа оқу жылына толық дайын болады деп күтілуде.

Сонымен қатар Сайрам шағынауданында орналасқан Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің де жағдайымен танысты. Мұнда 300 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Қонақтар нысандағы жұмыс қарқынын көріп, мердігер мекеме өкілдерімен пікір алмасты.

Сондай-ақ,  делегация Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне де ат басын бұрып, оқу орнының жаңа оқу жылына дайындығын бағамдады.

 Сапар соңында ағымдағы жөндеуден өткен №105 мектепке барды. Онда материалдық-техникалық базамен танысып, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, 2025–2026 жаңа оқу жылында Шымкент қаласында білім беру ұйымдарының саны 292-ге көбейді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда білім алушылар санының 8 000-ға жуық балаға артқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда қала аумағында 1 352 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оларда жалпы саны 397 мыңнан астам оқушы білім алады.

Бұл – Шымкент қаласының демографиялық өсімімен қатар, білім беру инфрақұрылымының да белсенді дамып жатқанын білдіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *