Қазақстандық оқушылар халықаралық робототехника чемпионатында бағын сынайды

7–10 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасына қарасты Макао қаласында мектеп оқушылары арасында робототехникадан ең ауқымды халықаралық дода — FIRST LEGO League Asia Open Championship өтеді. Бұл әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 9 команда қатысады,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Айта кетерлігі, аталған командалар — «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында құрылған жаңа форматтағы заманауи білім ордаларының оқушылары. Жасөспірімдер Шымкент, Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан мен Қызылорда облыстарынан іріктеліп алынған. Олар ел ішінде өткізілген жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, инженерлік ойлау, бағдарламалау және жобалық шешімдер дайындау қабілеттерін дәлелдеген.

Жарыс ауқымы да ерекше: Макаода өтетін додаға әлемнің 30 елінен 500 команда қатысады. Чемпионатқа 12 мыңнан астам көрермен жиналмақ. Қазақстандық оқушылар мұндай үлкен аренада тек техникалық шеберліктерін ғана емес, өз елінің білім саласындағы әлеуетін де паш етпек.

– «Бүгінде елімізде 300 мыңнан астам оқушыны қамтыған жаңа форматтағы 128 мектеп жұмыс істейді. “Келешек мектептері” заманауи STEM-зертханалармен жабдықталып, әрбір баланың инженерлік және ғылыми әлеуетін дамытуға мүмкіндік беруде. Осы жобалар арқылы оқушылар халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуда», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Қазақстандық командалардың бұған дейінгі жетістіктері де ел мерейін үстем етті. Мәселен, Алматы қаласынан шыққан жаңа форматтағы мектеп командалары Қытайдың Санья қаласында өткен World Robot Contest Championships байқауында зор жетістікке жетті. Point және Almaty RobKz командалары FIRST Tech Challenge санатында Connect Award және Promote Award марапаттарын иеленіп, отандық білім беру жүйесінің жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Макаодағы халықаралық чемпионат — жас қазақстандықтар үшін кәсіби бәсекеден бөлек, мәдени алмасу, жаһандық тәжірибе жинақтау және халықаралық ынтымақтастыққа жол ашатын маңызды алаң. Биылғы жарыстың тақырыбы — мұхит пен су ресурстарын зерттеу. Қазақстандық командалар осы бағытта өздерінің инженерлік шешімдері мен ғылыми жобаларын ұсынады.

Бұл дода — тек бір чемпионат қана емес, еліміздің болашақ инженерлерін, ғалымдары мен жаңашыл мамандарын әлемдік сахнада танытатын тарихи мүмкіндік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *