Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз брифингін өткізіп, білім саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға тоқталды. Әкімдіктің ресми өкілі ретінде ол жаңа оқу жылына дайындық барысы мен жергілікті жастарға көрсетілетін қолдау шараларын тілге тиек етті.

Сәрсен Абайұлының мәлімдеуінше, 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан 285 білім беру гранты бөлінді. Бұл бастама – республикалық грант байқауында қажетті ұпай жинай алмаған талапкерлерге жоғары білім алуға екінші мүмкіндік беруді көздейді.
– Бұл гранттар қала жастарының әлеуетін көтеруге, өңірге қажетті кадрларды даярлауға бағытталған. Конкурс нәтижесінде грант иеленген талапкерлерге арнайы куәлік тапсырылады, – деді Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Гранттарды бөлуге қатысты жоғары оқу орындары арасында 7–8 тамыз күндері конкурс өтеді. Соның нәтижесінде кадр даярлауды іске асыратын ЖОО тізімі, білім беру бағдарламалары және бөлінетін гранттар саны нақтыланады. Бұл – нақты еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Сәрсен Құранбек жаңа оқу жылына дайындық мәселесіне де тоқталды. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарына 554 286 дана оқулыққа қажеттілік анықталған. Бұл мақсатқа 2 млрд теңгеден астам қаражат қаралып, 11 баспамен келісімшарт жасалған. Оқулықтарды жеткізу жұмыстары тамыздың 25-іне дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Айта кету керек, Шымкент қаласында оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан білім беру жүйесінің барлық бағыттары — мектеп құрылысы, жөндеу жұмыстары, педагог мамандармен қамту, сонымен қатар оқулықпен қамтамасыз ету мәселелері — қала әкімдігінің басты назарында.