Түркістан облысында 200-ден астам азамат жаңа бизнесін бастауға мүмкіндік алды. Бұл – Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен «Даму» қоры іске қосқан «Өрлеу» бағдарламасының нәтижесі.

Аталған жоба экономиканың басым секторларындағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ұсыну арқылы қолдау көрсетуді көздейді. Бұл туралы Түркістан облыстық «Даму» қорының директоры Мұғазан Нұрмаханұлы мәлімдеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы мен Үкіметтің 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына сәйкес, кәсіпкерлер үшін ең өзекті мәселе — кепілзат жетіспеушілігін шешу мақсатында екі жаңа кепілдік құралы енгізілді. Енді шағын, орта және ірі кәсіп иелері банктен несие алғанда кепілзат жеткіліксіз болса, мемлекет тарапынан 85%-ға дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын мөлшерде кепілдік беріледі. Қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспауы тиіс, ал кепілдік мерзімі — 5 жылға дейін, — деді ол.
Жеңілдіктер ауыл, орман және балық шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік, туризм, білім беру, денсаулық сақтау, ақпарат және байланыс секілді көптеген салаға қолжетімді.
Жыл басынан бері бағдарлама аясында 3,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, 200-ден астам азамат өз кәсібін ашты.
Кәсіп бастауға ниетті тұрғындар «Даму» қорының өңірлік бөлімшесіне келіп, білікті кеңес ала алады.