Шымкентте балабақшалар жаңа жүйе бойынша қаржыландырылады

 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2024 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру саласына ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілуде. Бұл жаңа тәсіл балабақшаға қолжетімділікті арттырып қана қоймай, сапа мен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде Шымкент қаласында 638 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 71-і – мемлекеттік, ал 567-сі – жекеменшік. Жалпы балабақшаға барып жүрген балалар саны – 70 699. Соның ішінде 16 289 бала мемлекеттік, 54 410 бала жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленуде.

Ваучерлік жүйе енгізілгелі бері қалада 62 251 ваучер берілді. Оның ішінде 2024 жылы – 19 673, ал 2025 жылы – 42 578 балаға ваучер берілген. Қазіргі таңда 2–6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі 88,3%-ды құрайды.

Жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері – бір балаға 55 659 теңге. Бұл қаражат енді тікелей ата-ананың таңдауымен бекітілген балабақшаға ғана аударылады. Яғни, «ақша – балаға» қағидаты іске аса бастады.

Қалада кезекте тұрған балалар саны — 13 768. Оның ішінде 2 жасқа дейінгі балалар – 4 306, ал 2–6 жастағы балалар – 9 462. Кезекті қысқарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2025 жылы 3 205 жаңа орын ашылып, 34 жаңа мектепке дейінгі ұйым іске қосылады деп жоспарланып отыр. Тек биылдың өзінде 813 орынды құрайтын 12 жекеменшік балабақша ашылды, сондай-ақ 500 орынға жергілікті бюджет есебінен ваучер берілді.

Бүгінде бұл жүйе республика бойынша 20 қала мен 7 ауданда пилоттық режимде іске асырылуда. Нәтижесінде 4,7 мыңға жуық балабақша жаңа жүйеге көшіп, 500 мыңнан астам бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Республикалық маңызы бар қалаларда балабақша кезегі екі есеге қысқарған.

Жаңа тәсіл тек мемлекеттік балабақшаларға ғана емес, жекеменшік ұйымдарға да тең мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде жеке сектордың белсенділігін арттырып, пайдалы бәсекелестік туғызады.

Ең бастысы – ата-ананың еркін таңдауы. Енді әр отбасы өз баласына қолайлы, сапалы және сенімді мекемені өзі таңдай алады. Жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік жүйеге толық көшіріледі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *