“Таза Қазақстан” акциясы аясында Әл-Фараби ауданында 7 тонна қоқыс шығарылды

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ел аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Акцияның басты мақсаты – халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру, тұрмыстық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды дәріптеу.

Осы игі бастаманы қолдау мақсатында Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында ауқымды сенбілік өтті. Іс-шараға аудан әкімдігі, коммуналдық мекемелер, кәсіпорын қызметкерлері, жастар ұйымдары және еріктілерден құралған 100-ден астам белсенді тұрғын қатысып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Тазалық жұмыстарына арнайы 5 техника бірлігі жұмылдырылып, ауданның әр аумағынан – көшелер мен аулалардан бастап, қоғамдық орындарға дейін – күл-қоқыстар жиналды. Нәтижесінде бір күн ішінде 7 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы полигонға шығарылды.

Аудан аумағындағы халық көп жиналатын және отбасылар жиі серуендейтін орындардың бірі – “Кең баба” саябағында да тазалық пен абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілді. Мұнда ағаштар түбі қопсытылып, жол бойындағы күл-қоқыстар жиналды. Сонымен қатар орындықтар мен жарық шамдары, кіші сәулет формалары тазартылып, санитарлық жағдай қалыпқа келтірілді.

Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, мұндай жұмыстар тек бір реттік акция ретінде емес, тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Тазалық пен тәртіп – ел дамуының, қоғам мәдениетінің айнасы екенін түсінген тұрғындар да бұл бастаманы қолдап, сенбілікке белсенді қатысып жатыр.

Тұрғындар тарапынан қолдау жоғары

“Таза Қазақстан” акциясы қарапайым сенбілік форматынан әлдеқашан өсіп, экологиялық ойлауды дамыту мен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған ұлтжанды қозғалысқа айналды. Бұл ретте Әл-Фараби ауданы тұрғындары да шет қалмай, туған қаласына деген қамқорлығын нақты іспен көрсетіп отыр.

— Біз тек бүгін емес, аптаның әр күнінде тазалықты сақтауға, айналамызға қамқор болуға дағдылануымыз керек. Бұл – болашақ ұрпаққа жарқын және таза орта қалдырудың жолы. Әрбір тұрғын өз үйінің алдынан бастап, қоғамдық орындарға дейін таза ұстауға үлес қосуы тиіс, – деді акцияға қатысқан ерікті Дана Серікқызы.

Әл-Фараби ауданы әкімдігі алдағы уақытта да осындай шараларды жиі ұйымдастырып, азаматтарды табиғатты аялауға, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптауға және қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысуға шақырды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *