Шымкентте жаңа оқу жылына дейін үш мектеп пайдалануға беріледі

Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағында алты білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде екі жаңа мектеп, үш қосымша оқу корпусы және бір жатақхана бар. Жоспарға сәйкес, 2025–2026 жаңа оқу жылына дейін екі жаңа мектеп пен бір қосымша ғимаратты пайдалануға беру көзделуде.

Сонымен қатар, қаладағы 10 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Олардың қатарында №9, 10, 13, 26, 75, 99, 108, 109 мектептер, №97 «Ақмарал» балабақшасы және дарынды балаларға арналған №1 IT лицей-интернаты бар. Барлық жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жақында арнайы құрылған бақылау тобы бірқатар нысандардың құрылыс барысымен танысты. Солардың бірі – Ө.Жәнібеков атындағы №19 мектеп. Мұнда 325 оқушыға арналған жаңа оқу ғимаратының құрылысы биылғы қаңтарда басталған. Алайда жұмыс қарқыны баяу, бұл жоспарланған мерзімде – желтоқсан айында аяқтауға күмән тудырып отыр. Құрылыс басқармасы мердігер мекемеге екі мәрте айыппұл салынғанын жеткізді. Комиссия мүшелері жұмысты шұғыл жеделдетіп, сапаға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Алдағы күндері осы нысанға қатысты арнайы жиын өтпек.

Бақылау тобы барған келесі нысан – 1983 жылы салынған №97 «Ақмарал» балабақшасы. Қазір мұнда 290 орынға арналған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысшылар жөндеуді жаңа оқу жылына дейін толық аяқтауға уәде беріп отыр. Комиссия өкілдері жұмыс қарқынын оң бағалап, сапаны басты назарда ұстау қажет екенін еске салды.

Барлық атқарылып жатқан жұмыс – қаладағы білім беру сапасын жақсартуға, оқушылар мен ұстаздарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *