2025 жылғы 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Ермекұлы мәлімдеді.

Санақ офлайн форматта, үйме-үй аралау арқылы жүзеге асады. Аталған шара барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны, жер көлемі, мал мен техника туралы мәліметтер жиналады. Алынған деректердің анонимділігі толық сақталады және тек статистикалық мақсатта қолданылады.
– Жиналған мәліметтер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Ұлттық статистика бюросы деректердің құпиялығына толық кепілдік береді, – деді Нұрқожа Ермекұлы.
Санақ науқанын ақпараттық қолдау мақсатында елді мекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде: аудиожазбалар таратылып, билбордтар орнатылып, баннерлер ілінуде.
Облыс бойынша 159 нұсқаушы дайындық жұмысына тартылған. Санақ кезінде өтелмелі қызмет көрсету шартымен 636 сұхбатшы жұмысқа қабылданбақ. Олардың орташа айлық жалақысы — 185 366 теңге (жүктеме толық орындалған жағдайда).
Сұхбатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға жергілікті полиция бөлімшелері мен медициналық мекемелердің байланыс нөмірлері беріледі. Сонымен қатар, арнайы ит үркіткіш құралдармен жабдықталады.